Жоба туралы - "Ерлікке тағзым" виртуалдық музейі

Жоба туралы

Ұлы Отан соғысы ел тарихында өшпес із қалдырды. Сұрапыл соғыс әр шаңырақтың басына қайғы-қасірет әкеліп, миллиондардың өмірін қиды. Ел мен жер үшін Отанын шын сүйген ерлер жаумен аяусыз шайқасты. Олардың ерліктері әр жүректе мәңгілікке сақталады.

Әр жыл сайын біз Жеңіс күнін атап өтеміз. Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толады. Зұлмат жылдар туралы Ұлы Отан соғысының қатысушылары, тарихшылар, өлкетанушылар, жазушылар мен ақындар көптеген естеліктер мен шығармалар жазды. Елім деп от кешкен ерлердің есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында облыстық кітапхана 1941-1945 жылдардағы оқиғалар туралы кітаптар, соғыс жылдарында шыққан мерзімді басылымдар, фотосуреттер, марапат қағаздары мен хаттарды бірыңғай электрондық дерекқорға жинауға шешім қабылдады.

Жобаның мақсаты - Ұлы Отан соғысына қатысқан павлодарлықтардың ерлігі мен батырлығына арналған «Ерлікке тағзым» виртуалды музейін құру.

Виртуалды мұражай 5 бөлімнен тұрады:
- кітаптар (павлодарлық авторлардың Ұлы Отан соғысы туралы кітаптары);
- газеттер (1941-1945 жылдардағы өңірдің мерзімді басылымдары);
- фотосуреттер (соғыс жылдарының фотосуреттері, тұлғалар, Павлодар облысындағы әр жылдардағы Жеңіс шерулерінің фотосуреттері);
- марапаттау құжаттары;
- майданда жазылған хаттар.

Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей және Германиядағы іздеу сайттарына сілтемелер берілді.

Виртуалды музейді құруда облыстық Г. Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қорынан майдан хаттары пайдаланылды. Сонымен қатар Павлодар облысының мемлекеттік мұрағаты және өңірдегі кітапханалар мен мектептер материалдарды жинауға үлкен көмек көрсетті.

Электронды музей алдағы уақытта құжаттардың түсуіне қарай толықтырылып отыратын болады.

Сілтемелер